01 там, 2019 сағат 16:32

Алакөлге қалдық су қайдан келді - Бас санитар жауабы

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары - ҚР Бас мемлекеттік санитары Жандарбек Бекшин Алакөлдегі белгісіз лай судың қайдан келгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Оның айтуынша, қалдық су кәріз жүйесінен емес, көл маңындағы сауықтыру кешенінің бассейндерінен аққан.

«Көл маңында орналасқан сауықтыру кешенінде 2 бассейн бар. Онда Алакөлдің шипалы суын толтырады. Сәйкесінше, суды жаңартып отырады. Маған арнайы видео келіп түсті, онда 2 бассейннің 2 құбыры анық көрсетілген. Яғни терең су сорғылары көлдің суын алады және ескірген суды қайтадан көлге құяды. Бұл - кәріздің қалдығы емес», - деп түсіндірді Ж. Бекшин Орталық коммуникациялар орталығында тілшілерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ, бас санитар бассейн суын қалалық кәріз жүйесіне төгуге болмайтынын айтты.

«Бассейндегі ауқымды су көлемін кәріз жүйесіне ағызар болса, су тасып-төгілер еді. Бассейн суын тереңге жібергендіктен, тұнба көтеріліп, лай пайда болған. Аумақтық табиғатты қорғау департаменттері демалыс орындарына суды қайтадан көлге төгуге, жаңартуға рұқсат берген. Одан еш қауіп жоқ», - деді Жандарбек Бекшин.

Естеріңізге сала кетейік, Алакөлге белгісіз лай су құбыр арқылы төгіліп жатқанын туристер хабарлаған болатын. Бейнежазбадағы мәліметке сәйкес, көлге төгіліп жатқан судың жағымсыз иісі бар. Артынша Алакөл ауданының әкімдігі бұл мәселеге орай арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.