12 шіл, 2019 сағат 13:55

Алакөлге бара жатқан автобус отқа оранды

Бүгін таңертең Семейден Алакөлге 12 адамды апара жатқан автобустан өрт шыққан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жолаушылар мінген «Lifan» маркалы  автобус «Таскескен-Бақты» тасжолында отқа оранған.

Қызыл жалын көліктің қозғалтқыш бөлігінен тұтанып, кейін дөңгелектері мен автобус ішіне жайылған.

«Автобус ішінде 12 жолаушы болған. Ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Олар жолай өзге көліктерге отырып, діттеген жерлеріне жетті. Өрт болған жерде Үржар ауданындағы №17 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп, таңғы сағат 6.30-да тілсіз жауды ауыздықтады. Өртке көлік иесінің абайсыздығы себеп болуы мүмкін», - делінген департамент таратқан ақпаратта