14 қаң, 2023 сағат 15:24

Алакөлде екі адам мінген көлік мұз астына кетті

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Абай ауданы Алакөлде екі адам мінген көлік мұз астына кетті, - деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Қайғылы оқиға 2023 жылғы 13 қаңтарда Абай ауданындағы қатып қалған су қоймасында болған. Сағат 15:10 шамасында "НИВА" көлігінің жүргізушісі жолаушысымен бірге Алакөл көлінен мұз үстімен өтіп кеткен.

"Мұз жамылғысы сынып, нәтижесінде көлік су астында қалды. Көлікте отырған жолаушы көліктен шыға алды. Өкінішке қарай, жүргізуші көлік салонынан шыға алмай суға батып кетті.

Іздеу жұмысы барысында 14 қаңтар таңғы сағат 11-де Абай облысының құтқарушылары суға батқан адамның денесін 28 метр тереңдіктен жер бетіне шығарды", - делінген хабарламада.

Құтқару жұмыстарына ҚР ТЖМ күштері мен құралдары Абай облысының жедел құтқару жасағынан 4 құтқарушы, 1 техника, жергілікті атқарушы органдардан 25 адам, 6 бірлік техника жұмылдырылған.