Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелері Түркістан облысына келді. Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдаудауының орындалуын насихаттауға келген топ тарихи Отырар ауданын аралады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Делегация Шәуілдір ауылында күрделі жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысанды жаңартуға республикалық бюджеттен 262,9 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары тамыз айында басталған. Қазіргі таңда мәдениет үйіне су құбырлары мен кәріз жүйелері тартылып, іші мен сыртын әрленіп жатыр. Құрылыс жұмыстарына 46 адам жұмылдырылып, нысан осы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өнер ордасын аралап көрген Бердібек Сапарбаев облыс және аудан басшыларына жөндеу жұмыстарына бірқатар өзгерістер енгізіп, кіреберісін заманауи үлгіде жасау керектігін ескертті. Бастысы - сапасына көңіл бөліп, білікті сәулетшілерді тарту қажеттігін айтып өтті.
«Мердігердің жұмысы сапалы болсын, оны бақылап отыру қажет. Өйткені бұл жерде халықаралық деңгейдегі конференция өтеді. Шетелден қонақтар келеді. Ең негізгісі - сыртқы келбеті, адамдар сыртын көреді. Соны заманауи үлгіге сәйкестендіріп жасау керек. Жақсы дизайнмен жасалса, европалық стандартта емес. Келбеті қазақи нақышта, ұлттық иісі шығып тұрғаны жөн», - деді Бердібек Сапарбаев.
Мұнан кейін Үкімет басшысының орынбасары аудан орталығындағы алаң мен әл-Фараби ескерткішінің бүгінгі жағдайымен танысты. Отырар кітапханасын аралап, онда да бірқатар жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Келесі жылдың қыркүйек айында кең көлемде аталып өтетін әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын тойлау кезінде келетін қонақтар мен туристер сол нысандарды аралап, тарихымызбен танысады.
Бердібек Мәшбекұлы жаңадан салынған көне Отырар қалашығы жанындағы сапар орталығында өңірдің зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар, ғалымдар бас қосқан алқалы жиынға қатысты. Басқосуда Бердібек Сапарбаев әл-Фараби мерейтойы алдындағы дайындық жұмыстарын пысықтап, жергілікті тұрғындар мен ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Отырар өңіріндегі тарихи нысандардың қазіргі жағдайы мен сәулетіне қандай өзгерістер енгізу керек, қосымша тағы қандай нысандар жөнделгені дұрыс деген мәселені талқылады. Бұл ретте басқосуға келген ғалымдар Отырар кітапханасын ашса, Оқсыз деген тарихи орынды ретке келтірсе деген тілектерін жеткізді.
«Өзгелер қазақта өнеркәсіп, ғылым, сауда-саттық деген болмаған, көшпенді халық болған деп айтып жатады. Біз ежелден мәдениетіміз жақсы дамығанын осы Отырардан бастап көрсетуіміз керек. Отырардағы музейді қалпына келтіріп, ішіндегі жәдігерлерді жөндеу керек. Келген қонақтар, шетелдіктерсұрақтарға жауап алуы керек. Оларды қандай дүниелермен таң қалдыра аламыз, соны ойлану керек. Әлемде фарабитанумен айналысатын 11 орталық ашылған. Сыртқы істер министрлігі әр елшілікке тапсырма беруі керек. Сол орталықтарда табылған ғұұламаның еңбектерін осында алдыру қажет. Фарабитанушыларды шақырып, ақылдасу керек. Әл-Фарабидің әндері мен шығармаларын жарыққа шығаруымыз керек», - деді Бердібек Сапарбаев.