26 сәу, 2021 сағат 11:08

Ақылы жолдардың бағасын кім бекітеді?


Биыл елімізде 18 бағыттағы жол ақылы қызметке көшеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арман Жүсіпов редакцияның сауалына берген жауабында осылай айтты. 

«2021 жылы Ақтау-Бейнеу, Атырау-Доссор-Бейнеу-Ақжігіт, Қапшағай-Талдықорған, Нұр-Сұлтан-Павлодар, Павлодар-РФ шекарасы (Омбыға), Павлодар-Семей-Қалбатау, Тараз-Қайнар, Шымкент- Өзбекстан шекарасы (Ташкентке), Ақтөбе- РФ шекарасы (Орынборға), Ақтөбе-Орал, Қарабұтақ-Қызылорда, Қостанай-РФ шекарасы (Троицк қаласына), Нұр–Сұлтан-Қостанай, Орал- РФ шекарасы (Самараға), Орал-РФ шекарасы (Саратовқа), Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Тараз, Щучинск-Петропавл учаскелері ақылы болады», - деп атап өтті ол. 

Ұлттық компания өкілі ақылы жолдардың бағасы әлі де болса әр шақырымға 1 теңге көлемінде қалатынын айтады. 

«Ақылы учаскелер бойынша жүріп өту үшін төлемақы өлшемдерін уәкілетті мемлекеттік орган - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті, басқа мемлекеттік органдармен келісе отырып, бекітеді», - дейді Арман Жүнісов.