Газ тарифтерін қымбаттату ақылға қонымды, есептерге негізделген болуы керек. Бұл пікірді ҚР газ саласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Павел Климов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі газдың көтерме сауда бағасы 15%-ға қымбаттауы мүмкін екенін хабарлаған еді.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлық газдың шекті көтерме сауда бағасы өңірге байланысты 3,8-ден 17,5%-ға дейін төмендетілді және осы уақытқа дейін көтерілген жоқ.
«Қазіргі уақытта сонау 60-шы жылдары салынған магистральдік газ құбырларының негізгі бөлігі 19 000 шақырымды құрайды. Олар өзінің мерзімін өтеді. Қазір зерттеумен айналысып, ақауларын іздеу керек. Компрессорлық станциялар да жөндеуді және қайта құруды, көп жағдайда толық ауыстыруды қажет етеді. Мұның барлығына үлкен қаражат қажет, өйткені қазір газдың субсидиялануына байланысты қайта құрумен айналысу мүмкін емес», - дейді П. Климов.
Сала ардагерінің айтуынша, тарифтің өсуін бір нұсқа ретінде қарастыруға болады.
«Ол барлық есептеулермен ақылға қонымды, негізделген болуы керек және оны көтеру қажет. Тек осылай ғана біз газ құбырларын жөндей аламыз. Орынбор облысы мен Өзбекстандағы апат бүгінде газ құбырларының жағдайы нашар екенін және жедел жөндеуді қажет ететінін көрсетті», - дейді Павел Климов.