27 ақп, 2017 сағат 12:50

Ақтөбенің бас имамы мен мешіт қызметкері бітімге келді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» қорының заңды өкілі Дәмен Өмірбек пен «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан бітімге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Зекет» қорының заңды өкілі Дәмен Өмірбек мешіт ішіндегі қысым мен жалақы төлеудегі заңсыздықты айтып, сотқа арыз түсірген болатын. Бүгін азаматтық іс бітіммен аяқталды.

«Талапкер Дәмен Өмірбек пен жауапкер Төлеби Оспан өзара келісімге келіп, бірін-бірі кешіріп, алдағы уақытта моральдық-материалдық талап қоймайды. Талап қоюшы Д.Өмірбек жауапкерге қатысты барлық талабынан бас тартады. Сот тараптарға осы шарттағы келісімді бекіте отырып, заңға сәйкес істің қысқартылатын ескертті. Екі тарап та осы іс бойынша екінші рет сотқа жүгіне алмайды»,- деді №2 қалалық соттың судьясы Айгүл Абдуллина.

Сот отырысына талапкер мен жауапкердің қорғаушылары ғана қатысты. Дәмен Өмірбектің қорғаушысы оның отадан кейін ем қабылдап жатқанын айтты. Дәмек Өмірбек өз арызында арызды соттан қайтарып алатынын, бас имам Төлеби Оспаннан ешқандай да моральдық-материалдық шығын талап етпейтінін жеткізген.