Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қазақстандықтар биыл тұңғыш рет Ұлттық домбыра күнін тойлауда. Ақтөбе облысы мерекені ұйымдастыруға ерекше атсалысты. Барлық елді мекендерде өткен 750 іс-шараға 270 мың облыс тұрғыны қатысты.
Ұлттық домбыра күніне арналған үлкен мереке 30 маусымда басталған болатын. Ақтөбеде екі жыл бұрын орнатылған 6 метрлік домбыра жанында домбырашылардың шеруі мен байқауы өтті.
1 шілдеде облыс орталығының да көгін ұлы даланың әуендері кернеді. Жүздеген кәсіби музыканттар мен әуесқой домбырашылар қазақ халқының көрнекті композиторларының өлмес туындыларын қаланың әртүрлі жеріндегі 6 ашық алаңда бір мезгілде орындау арқылы ұлттық музыкалық аспапқа деген сүйіспеншіліктерін білдірді.
Ертемен басталған мерекелік шаралар 12 сағатқа созылды. Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарының барлық тұрғындары мен қонақтарына домбырашылар концерті, домбырада ойнауды үйрету мен ағаш қолөнерінің шеберлік сабақтары, жас күйшілер байқауы, экспозициялық және кітап көрмелері, домбыра-пати, қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңкесі мен музыкалық викториналар ұйымдастырылды.
Мерекенің ең жас қонақтары үшін арнайы ойын-сауық бағдарламасы дайындалды.
Ақтөбеліктер өңірде 1 шілде күні дүниеге келген әрбір тұңғыш балаға домбыра тарту етуімен де ерекшеленді.
Негізгі мереке Орталық стадионда сағат 18:00-де басталды. Оның ақырғы аккорды 500 домбырашының стадионда «Ақтөбе» - «Шахтер» футбол матчының алдында «Балбырауын» және Құрманғазының «Адай» күйлерін, Ахмет Жұбановтың «Би күйін» ойнаған флешмобы болды.
Айта кетейік, сол күні Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филормониясының ұлттық аспаптар оркестрі қазақ ұлттық аспаптар мұражайының ашылуында елорда тұрғындары мен қонақтарын өздерінің шығармаларымен қуантты.