Димаш Құдайбергеннің портреті Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен әншінің 25 жасына орай салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Портрет Ақтөбе қаласындағы 12 ықшам ауданның сәнін келтіріп тұр. Бес қабатты тұрғын үйді әкімдік таңдап, әншінің суретін мердігерлерге берген екен. Аты-жөнін айтудан бас тартқан суретші небәрі үш күнде портретті салып шықты.
«Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің ұсынысымен Димаштың портреті салынды, оған демеушілер қолдау көрсетті. Суретші аты-жөнін құпия сақтауды жөн көріп отыр. Бояу суыққа, күнге, жаңбырға төзімді. Тіпті жеті жылға дейін сақталады деп отыр. Бұл біздің алғашқы жобамыз», - деді мердігер Берік Ақылбаев.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген 25 жасқа толды. Ол өз туған күнінде Ақтөбеге келіп, қарттар үйіндегі тұрғындармен кездесті.