Ақтөбелік тасымалдаушылар 55 теңгелік жолақыны бірден 200-212 теңгеге көтеруді сұрап отыр. Алғашқы қоғамдық тыңдауға саусақпен санарлықтай тұрғын жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы «Автопарк» ЖШС-і мен мемлекет қаржыландырып отырған Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорны жаңа автобустар сатып алып, кейін жолақыны көтеруді сұрады. Алғашқы қоғамдық тыңдау «Геолог» мәдениет үйінде өтті. Жиынға 10-ға жуық тұрғын келіп, өздерінің қарсылықтарын білдірді. Ал тасымалдаушылар бағаны көтерудің себебін түсіндірді.
«Автопарк» ЖШС-і» 212 теңгеге, Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорны 200 теңгеге жолақыны көтеруді сұрады. Ақтөбе қаласында жолақы 2015 жылдан бері 55 теңге болып сақталып отыр»,- деді Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Алдияров.
Қазіргі кезде Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорнында 129 автобус бар. 2010-2017 жылдары шығарылған автобустарды айналымға енгізген кәсіпорынның қарызы 360 миллион теңгеге жеткен.
«Кәсіпорында 300-ден астам адам жұмыс істейді. Оның 190-ы жүргізуші. Компанияда жүргізушілерге сұраныс бар. Жалақы аз болған соң көбі кетіп қалады. Жаңа автобустар алынған, ай сайын лизингке 16 миллион теңгеден астам ақша төлеу қажет. Сұйытылған газ, дизель бағасы өсіп тұр. Сондықтан шығын еселеніп тұр»,- деді Қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорнының директоры Рүстем Ерғалиев. Ал «Автопарк» ЖСШ-і 34 бағыт бойынша қызмет көрсетіп отыр.
«Апта сайын, ай сайын қосалқы бөлшектер қымбаттап жатыр. Жанар-жағармай шарықтап барады. Біз жолақыны 212 теңгеге көтеруді сұрап отырмыз. Соңғы екі жылда 85 автобус алынып, 1,7 миллиард теңге жұмсалды»,- деді компания директоры АқарысТілеулес. Ал қоғамдық тыңдауға келген тұрғындар бірден қарсылықтарын білдірді.
«Зейнеткерлер, студенттер мен балаларға жеңілдік болғаны дұрыс. Біз негізі жолақының қымбаттауына қарсымыз. Себебі, біздің ауылға келетін №29 бағыттағы автобустың хәлі мүшкіл. Орындықтары жыртылған, жазда ыстық, қыста салқын. Студенттердің қалай жүретінін білмеймін. Олар еңбекақы алмайды, жұмыс істеген адам да 200 теңгені тауып беруге қиналады», - деді тұрғын Сидякина.
Айта кетейік, қоғамдық тыңдау қаланың бірнеше аумағында өтеді. Депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құрылған топ тұрғындардың арызы мен өтінішін тыңдайды.