Жас спортшылар халықаралық деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысып, қарсыластарын ірі басымдықпен жеңді. Теңге ілуден және аударыспақтан жарыстар маусымның 1-і мен 2-сі аралығында Астанадағы «Қазанат» ипподромында өтті.
Аударыспақтан Азия чемпиондары Ақтөбе облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында жарыстар туралы өз ойларын бөлісті.
«Теңге ілу жарысына Азия континентінің 7 елінен – Түркиядан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Ауғаныстаннан және Моңғолиядан спортшылар келді. Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатына 9 елден спортшылар қатысты. 44 спортшыға жуық болды. Олардың барлығы да салмақты қарсыластар. Әрине, толқулар болды, өйткені біз Ақтөбе облысынан мұндай деңгейдегі жарысқа бірінші рет қатыстық. Бірінші айналымда «аударыспақ арыстаны» атанған Сырым Ізбасаровтан басым түстім, финалда үш дүркін Азия чемпионы Біржан Қосалиевті жеңдім. Сәттілік мен жақта болды», - деді Азияның абсолютті чемпионы, «Түйе палуан» титулының иегері Арман Сағынбаев.
Тұтастай алғанда, жарыстарға Ақтөбе облысынан үш спортшы қатысып, үшеуі де алтын медаль иегерлері болды.
22 жасар Азамат Серғазин (60 кг) және 23 жасар Шыңғыс Ержанов (70 кг) аударыспақтан 3-ші Азия чемпионатының жеңімпаздары болып, миллион теңге жүлде алды. Ал жас спортшы Арман Сағынбаев «Түйе палуан» титулын алып, Азияның абсолютті чемпионы атанды және 2 миллион теңге жүлде алды.
«Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары тұғырдан жиі көрінетін, Қытайда да, Түркияда да мықты жігіттер бар. Ал біздің команда ұлттық спорт түрлерінен халықаралық жарыстарға алғаш рет қатысып, өз дайындығын көрсетіп, бірден жеңіске жетті. Бұл керемет нәтиже, біздің өңір тарихында бірінші рет алтын алып отырмыз», - деп атап көрсетті Ақтөбе қаласындағы ұлттық спорт түрлерінен №3 БЖСМ директоры Бақдияр Тулеов.
Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 14 миллион теңге құрады.
Теңге ілуден қола медальді Қырғызстан командасы алды. Сол сияқты, Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Ауғаныстан, Өзбекстан және Қырғызстан құрама командаларының өкілдері аударыспақтан бес санат бойынша өз қоржындарын күміс және қола медальдармен толтырды. Жүлделі орындар алған палуандар: 250 мың теңге (қола), 500 мың теңге (күміс), 1 миллион теңге (алтын) ақшалай жүлделермен марапатталды.
Ақтөбе облысының дене тәрбиесі және спорт басқармасында ақтөбелік спортшылар өздерінің қол жеткізген жетістіктері үшін Ақтөбе облысы әкімінің арнайы стипендиясына ие болады деп толықтырды.