Ақтөбелік қолөнер шебері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ерқосай Әбілов Әбілқайыр ханның күміс мөрін қайта жасап шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Шебер Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің тапсырысы бойынша мөрі бар жүзік, қанжар мен күміс төс белгінің көшірмесін жасап шықты.
Бадам тәрізді мөрі бар жүзікте араб тілінде Әбілқайыр ханның есімі жазылған.
«Мен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің тапсырысы бойынша күміс жүзікті Әбілқайыр ханның мөрінің суретіне қарап отырып жасадым. Сондай-ақ, тапсырыс бойынша қанжар мен күміс төс белгіні де әзірледім. Төс белгіде Кіші жүз қазақтарының бірлігі - «үш Арыс» белгісі бар, оның айналасында 25 рулық тайпа бейнеленген. Белгінің жоғарғы жағында араб тілінде Әбілқайыр ханның аты мен атағы - «Әбілқайыр баһадүр хан хазіретті ибн сұлтан» сөздері ойылып жазылған», - дейді шебер.
Қанжар мен төс белгінің дизайнын шебердің өзі жасаған.
Бұл жәдігерлер биыл жаңа ғимаратқа көшетін облыстық тарихи-өлкетану музейіне беріледі.