Назарбаев зияткерлік мектебіндегі химия пәнінің мұғалімі Ғалымжан Төлеушов әлеуметтік желі арқылы есеп шығаруды үйретіп жүр. «Болашақ» бағдарламасының түлегі ҰБТ-ға дайындықты бастап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ғалымжан Төлеушов Ақтөбе қаласында білім алып, мектеп бітірген соң Нұр – Сұлтан қаласында ұлттық университетте оқыды. Кейін «Болашақ» бағдарламасымен тәжірибе жинады. Химия ғылымдарынын магистрі, Ұлыбританияда тәжірибе алмасу курсынын катысушысы, халықаралық IELTS сертификаты – 7.5. Сонымен қатар қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы зор, өлең шығарады. Шетелде білім алып келген соң елордадағы жоғары оқу орнында дәріс берді. Кейін ата-анасының жанына келіп, мектепке жұмысқа орналасты.
«Алғашында тақырыптық есептерге сұраныс жоғары болды. Қазір ҰБТ сұрақтарына басымдық беріліп жатыр. YouTube видеохостингіндегі каналда бірыңғай қазақ тілінде видео салып жүрмін. Аптасына бір рет байланысқа шығамын. Бір видеода 5-6 есептің шешімі болады. 10 минуттан асып кетсе, адамдар жалығып кетеді», - деді ол. Жас маманның «ChemEasy – химия бізбен жеңіл» YouTube каналында бірыңғай қазақ тілінде онлайн сабақ мен эксперимент жүргізгеніне бір жылдан асты. Бұл идея 12 сынып оқушыларын Кембридж халықаралық емтиханына дайындау барысында туындаған. Ұстаз бастапқы уақытта видеолар ағылшын тілінде түсірілгенін, кейін қазақ тіліне көшкенін айтты.
«Ағылшын тіліндегі материалдардың кең ауқымын байқадым. Ал химия пәнін оқытатын қазақша каналдар жоқтын қасы және ақылы. Сараптамадан соң ана тілімізде шағын видеолардан тұратын қолжетімді контент жасауды ұйғардым. YouTube желісінің ақпараттық рөлін ғана қарастырып қоймай, оқыту ресурсы ретінде білімнің дамуына жол ашатының атап өту керек», – дейді ақтөбелік ұстаз. Зияткерлер өздеріне қызықты тақырыптарды ұсынады, каналды әрлендіру жолдарымен көмектеседі. Алдағы уақытта ағылшын тілінде NUFIPET, SAT емтихандары бағытында жаңа видеолар түсіру жоспарда бар. Каналға 750 адам жазылған. Қолданушылардың жасы 13 пен 24 жас аралығында.
«Жоспар бойынша ақпараттық портал ашып, күнделікті сабағымды онлайн өткізгім келеді. Бір жылдан соң іске асырып, жаңа бағытты қамтуды мақсат еттім», - деді ол.