Ақтөбеде мемлекеттік қызметкерлер КА-168/1 түзету мекемесіне барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ақтөбе - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің облыстық департаменті мемлекеттік қызметкерлерді түрмеге апарды.
Шара кезінде 30-ға жуық мемлекеттік қызметкер қамтылды. «Бостандығыңды бағала!» атты шара КА-168/1 мекемесінде өтті.
«Қазіргі таңда 4 азамат сыбайлас жемқорлық фактісімен қамауға алынып, сотты күтіп отыр. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Расул Медетовтың айтуынша, шара мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастырып, жазасын өтеушілердің өмірімен таныстыруға, оны көруге бағытталды.
Ақтөбе облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасының дерегіне сүйенсек, 2018 жылы сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша 66 адам жауапкершілікке тартылды.
«Осындай шаралардың нәтижесінде Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен өңірлердің үштігіне кірді деп есептейміз», - деді Р. Медетов.