02 там, 2019 сағат 14:25

Ақтөбелік мамандар 1 млн түп көшеттің неліктен қурап қалғанын айтты

Жасыл аймақта көшет егу технологиясы мүлде сақталмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Ақтөбе облысының әкімдігі 1 мың га жерге егілген көшеттердің қурап қалғанын растап отыр. Мамандар қалалық әкімдік егу жұмысын бастағанда ескерту бергенін, бірақ олардың құлақ аспағанын айтып берді. 

«Ақтөбе қаласының әкімдігі 2017 жылы 1 миллион 200 түп көшет егуді жоспарлады. Қазір ағаш толық шықпай қалды деп айтуға болады. Қателік көп. Алдымен жобаны орман шаруашылығы саласының мамандары әзірлемеген. Топырақ қабаты зерттелмеген, отырғызу технологиясы сақталмаған. Әрі ағаштар уақытынан кеш егілді. Технология бойынша бір жыл бұрын топырақ дайындалуы тиіс еді. Сонымен қатар, жергілікті климатқа бейімделмеген екпелер отырғызылған екен. Қала аумағындағы жасыл желекті отырғызу, оларды күту жұмыстарына жергілікті атқарушы орган жауапты. Кейін біліп, ескерту жасалды. Бірақ олар өз бетінше отырғызды», - дейді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғабит Қылышбаев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында орман шаруашылығы мекемесінің күшімен 3 мың га жасыл аймақ құру жоспары дайындалады. Алдағы уақытта көшет қураған аумақ қайта өңделіп, сол жерге егу жұмысы қайта жүруі мүмкін.