15 нау, 2019 сағат 13:16

Ақтөбелік кәсіпкер Үкімет тобы барған көпбалалы отбасына үй берді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған әлеуметтік блогының бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобы көпбалалы, мұқтаж отбасылардың тұрып жатқан мекенжайына барды. Бүгін бір мұқтаж отбасыға кәсіпкердің үй сатып алып беретіні белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ бірнеше отбасының жалдамалы пәтеріне барып, олардың жағдайларымен танысты. Солардың бірі - Естемісовтер отбасы.

«Мұнай компанияларына инженерлік желілер тартып берумен айналысатын серіктестікте 80 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың 60 пайызы оралман. Біз бір отбасының балаларындай біргеміз, жұмысшыларыма несие алдырмаймын. Қажет болса компаниядан пайызсыз ақша бөліп, жалақының бір бөлігін төлеп отыруға мүмкіндік жасаймын. Жыл сайын 2-3 отбасы үй салады. Үкімет тобы келіп, танысқан отбасының бірі менің компаниямда жұмыс істейді. Қанат Садықов таяуда ғана жұмысқа орналасты. Көпбалалы отбасыға үй алып беруге шешім қабылдап отырмыз», - деді «Ақтөбе мұнай газ» ЖШС-ның директоры Серік Естемісов.

Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова кәсіпкерге ризашылығын білдірді.

«Отбасына барып, жағдайымен таныстық. 10 жыл бұрын Қазақстанға көшіп келіп, әр жерде тұрған. 4 баласы бар, күйеуі жұмыс істейді, әйелі балаларын бағып отыр. Осындай отбасыға көмектескеніңіз үшін алғыс айтамын», - деді Гүлшара Әбдіқалықова. 

Жиын кезінде құрылыс компаниясының басшысы Шамиль Каспранов та 7 балалы отбасыға пәтер сыйлайтынын айтты. Құрылыс компаниясында жұмыс істейтін Бақытжан Ақберлиевке 2 бөлмелі пәтер берілді.

Айта кетейік, Шамиль Каспранов су тасқыны кезінде өз жұмысшыларына пәтер сыйлап, жетім балаларға қамқорлық көрсетіп жүр.