14 қар, 2018 сағат 16:01

Ақтөбеге алғаш рет Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі келді

Ақтөбеде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимаратында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі салтанатты түрде ашылды.

Шараның тұсаукесеріне ҚР Президенті кеңсесінің бастығы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ардагерлер мен жұртшылық, студент жастар қатысты.

Махмұд Қасымбеков өзінің сәлемдесу сөзінде Ақтөбеге Президенттің арнайы тапсырмасымен келгенін атап өтті.

«Құтты мекен Ақтөбенің тұрғындарымен және қонақтарымен кездескеніме қуаныштымын. Осында көшпелі көрмені өткізу – мемлекет басшысының тапсырмасы екенін ерекше атап өткім келеді. Елбасымыздың музейін ел тәуелсіздігінің шұғылалы шежіресі деп атауға болады. Себебі, Елбасымызбен ел тәуелсіздігі – егіз ұғым. Біз бүгін бұл көрмеге мыңнан аса экспонаттар, құнды құжаттар, фото және бейне материалдар алып келіп отырмыз. Олар еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен даңқты жолдарын айқын көрсетіп тұр»,-деді ол.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс халқын елеулі оқиғамен құттықтады.

«Бүкіл ақтөбеліктің атынан Махмұд Базарқұлұлына және Елбасы кіапханасының барлық қызметкерлеріне көрмені ұйымдастырғандары үшін алғыс айтамын. Көрме облыс тұрғындарымен қоса, біздің қонақтарға да қызық болатынына сенімдімін. Әрқайсысымыз мемлекеттің қалай қалыптасқанын, қандай ауыр күндер болғанын, Қазақстан осы 27 жылдың ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында дүниежүзілік қауымдастықта шүбәсіз беделге қалай ие болғанын біліп, есте сақтаулдарымыз керек»,-деді облыс әкімі.

«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесінің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету.

Көрмеге келушілер  Елбасы кітапханасының архивтік, кітап, мұражай қорларының материалдарымен таныса алады. Алғаш рет Ақтөбе жұртшылығының назарына Н.Ә. Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы, мемлекет басшылары және қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, сонымен қатар Н.Ә. Назарбаевтың шет тілдерге аударылған еңбектері ұсынылды. Көрме төрт бөлімнен тұрады.

«Елбасы жолы» бөлімі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертеді. Елбасының жолы рухани сананың дәуірі мен шығуы мазмұнын білдіретін тарихи үдерістер мен оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетіледі. Қазақстан Президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы еліміздің тәуелсіздігінің негізгі бағыттарын айқындаған басты тарихи таңдауы болды.

«Елбасы феномені» бөлімі Қазақстан Республикасының негізін қалаған, жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен дамуы тарихына жетелейді. Көшбасшы феномені Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалар арқылы көрініс тапқан.

«Әлем таныған Елбасы» бөлімінде Қазақстан Республикасының қарқынды сыртқы саясаты көрсетіледі. Бұл – әлемдік деңгейдегі саясаткер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың биік беделі мен асқақ абыройының жемісі.

Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық тарту-таралғылар, жеке жазбалар, архивтік материалдар арқылы көрсетілген. Әрбір сый-сияпаттан кез келген қауіп-қатер мен түсінбеушіліктен азат бейбіт әлемді қалыптастырудағы Н. Ә. Назарбаевтың ерен еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметі айқын көрінеді

«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Мемлекет басшысының және Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін табыс етілген Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары ұсынылған.

Көрме экспозициясының негізінде шолу экскурсияларынан басқа «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыптық экскурсиялары жүргізіледі. Экскурсиялар әртүрлі санаттағы – балалар мен ересектер сынды келушілерге арналады

Қор көрмесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының аталмыш көшпелі көрме жобасының басты оқиғасы болып табылады. Жоба аясындаауқымды ғылыми-білім беру, мәдени-ағарту шаралары, сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша көшпелі экскурсиялар ұйымдастырылады. Елбасы кітапханасының қызметі тәжірибесінде «Жәдігерлер сөйлейді» топтамасынан көшпелі дәрістер, музей сабақтары, көшпелі экскурсиялар сынды мәдени-ағартушылық қызметтің ерекше түрлері белсенді қолданылып келеді.

Елбасы кітапханасының жобасы 2017 жылғы қарашада Алматыдан бастау алып, 2018 жылғы ақпан айында Шымкентте жалғасса, ал қыркүйек айында Атырау облысында табысты өтті. Жалпы 2017-2018 жылдары көрмені 350 мыңнан астам адам тамашалады.

Көрме 2019 жылғы қаңтар айының соңына дейін жалғасады.