Ақтөбедегі террорлық акт кезінде қарулы қақтығысқа қатысып, бірнеше жерінен жараланған Әлібек Жетіғарин бүгін баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2016 жылы Ақтөбе қаласында террорлық акт болып, қарулы топ бірнеше қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге басып кірді. Сол кезде оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен полиция қызметкері Әлібек Жетіғарин бүгін баспаналы болды.
«Әлібек Жетіғарин 2014 жылы полиция қызметкері атанып, жол-патруль батальонында жұмыс істеді. Ол 2016 жылдың 5 шілде күні террористік акт болған кезде алғашқылардың бірі болып оқиға орнына жетті. Сол кезде оқ тиіп, ауыр жараланды. Бауырына зақым келіп, оң қолына оқ тиді. Қазіргі кезде оң қолы дұрыс жұмыс істемейді. Сондықтан мүгедектік берілген. ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңы аясында қызметкер 4 ай ем ала алады. Ал аса ауыр болса 9 ай ғана ем қабылдауға рұқсат берілген. Біз 2 жыл уақыт бердік, бірақ денсаулығын қалпына келтіру мүмкін болмады. Сондықтан 2018 жылдың қараша айында полиция департаментінен жұмыстан шығарылды. Бірақ, оны мен еңбек демалысында жүрген кезде хабарлап, айтпаған. Бүгінгі ісімізді айтқызбай-ақ істеуіміз керек еді. Сондықтан жұмыстан шығару туралы шешімге қол қойған екі қызметкердің өзі жұмыстан кетіп, бірнеше басшы жазаланды. Әлібекке 2 жылдық жұмыста 6 рет сыйақы тағайындалды, оның үшеуі ҚР ІІМ бұйрығымен берілді. Ешқандай ескерту алмаған полиция қызметкері сол оқиғадан соң «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Қазіргі кезде Әлібекке 2 бөлмелі қызметтік пәтер беріліп отыр. Полиция қызметкерлерінің бәрі 1 күндік жалақысын аударды. Бұл - 7,5 миллион теңге. Сонымен қатар, полиция департаменті төлеуі тиіс 1,5 миллион теңгені аударды. «Дару» оңалту орталығымен арнайы бағдарлама жасалып, ем қабылдайды», - деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Махамбет Абисатов.
Жұмыссыз қалған бұрынғы полиция қызметкері алдағы уақытта жалақысының 50 пайызын алып отырады. Сонымен қатар, полиция департаментінің бастығы Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққандарды қолдау орталығының төрайымы Құралай Байменовамен хабарласып, жаңа іс бастауға кеңес берді. Тіпті бизнес ашу мүмкіндігі бар екенін жасырмады.
«Біз де көмек көрсетеміз. Әрбір полиция қызметкері ерлік ұмытылмайтынын білуі керек. Әлібектің ерлігін ешкім ұмытпау тиіс. Алғыс айтамыз. Ол біздің жанымызда болады. Оның суреті полиция департаментінде ілулі тұр, бәрі үлгі тұтады», - деді Махамбет Абисатов.
Айта кетейік, Әлібек Жетіғарин құқықтану мамандығы бойынша білім алып, кейін Отан алдындағы борышын өтеген. Туған жерге қайта оралған соң полиция қызметкері атанды.