26 жел, 2022 сағат 15:03

Ақтөбедегі кен орында тағы да апат болып, жұмысшы зардап шекті

Фото: egemen.kz

Хромтау ауданындағы Дөң кен байыту комбинатында жұмысшы ауыр жараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дөң кен байыту комбинатының 28 жастағы жұмысшысы жараланып, ауруханаға түсті. Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Искариннің хабарлауынша, тау-кен шебері су насосын тексерген. Сол кезде насос бірнеше бөлікке бөлініп, жұмысшының аяғы мен қолына зақым келеді. Оны алдымен Хромтау аудандық ауруханағасына жеткізгенімен, кейін облыстық жедел медициналық жәрдем ауруханасына тасымалданған. Емдеу орнында ота жасалды.

«Аяғы сынып, жіліншігіне зақым келген. Ашық жарасы бар. Қолының саусақтары да сынған. Жағдайы орташа ауыр. Қазіргі кезде травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбедегі алтын өндіретін кен орнында бір жұмысшы қаза болды. Осы оқиғаға байланысты облыстық еңбек инспекциясы басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.