26 жел, 2022 сағат 13:44

Ақтөбе облысында жол апатына түскен оқушылардың барлығы есін жиды

Фото: Т.me/POLICE_of_KZ

Ақтөбе облысындағы жол апатынан соң жансақтау бөліміне түскен балалардың барлығы есін жиды. Дегенмен жаттықтырушы әлі күнге дейін ес-түзсіз жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Апаттан кейін жасөспірім волейболшылардың бірі қаза тауып, 8-і ауруханаға түсті. Оларға дәрігерлер шұғыл ота жасап, елордалық мамандар кеңес берді. Қазіргі кезде балалардың бәрі есін біледі.

«Облыстық балалар ауруханасына 8 бала түсті. Оның екеуі қазіргі кезде ем қабылдап, үйіне жіберілді. Ал 6 бала ем қабылдап жатыр. Біреуі - хирургия, бесеуі - травматология бөлімінде. Бәрі де жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Ал Жедел медициналық жәрдем ауруханасында жатқан жаттықтырушының жағдайы қалыпты ауыр. Ол әлі де есін жимады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Айта кетсек, осы көлік апатынан соң Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сонымен бірге спорт мектебінің басшылары Қылмыстық кодекстің «Салғырттық», «Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» баптары бойынша жауап береді.