17 сәу, 2023 сағат 16:45

Ақтөбеде жас жігіт оқушыны көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кетті


Ақтөбеде жүргізуші оқушыны көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды Polisia.kz Telegram-арнасы.

14 сәуір сағат 22:40 шамасында Ваз-2114 автокөлігі Әбілқайыр хан даңғылы мен Пацаев көшесінің қиылысында бағдаршамның тыйым салу сигналына өтіп, кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып, жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен.

"Салдарынан 17 жастағы жасөспірім ауруханаға жеткізілді. 

Полиция қызметкерлері іздеу іс-шараларын жүргізу барысында автокөлікті Әбілқайыр хан даңғылындағы көпқабатты үйдің ауласынан әйнегі, бампері, капоты зақымданған күйінде тапты. Көлік арнайы автотұраққа қойылды.

Сондай-ақ, көлікті жүргізген адам анықталды. Ол жүргізуші куәлігі жоқ 18 жастағы жас жігіт болып шықты" - делінген ІІМ баспасөз қызметі хабарламасында.

ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жүргізуші 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.