- Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы өз жұмысшыларына жалақы төлей алмай отырған «Жаңатас» компаниясының қиыршық тас зауытын тексеру үстінде. Ал жалақыларын ала алмай жүрген өндіріс орнының қызметкерлері бүгін жиналып, жергілікті биліктен көмек сұрады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Еңбек инспекциясы өткен жылы «Жаңатас» қиыршық тас зауытын үш рет тексерді. Жоспардан тыс тексеруден соң 1 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынды. Зауыт басшыларының мәліметінше, жалақы қарызы тек желтоқсан айында тіркелген. Ол тапсырыс берушілер дер кезінде есеп айырыспауынан орын алған. Барлығы 50-ден астам жұмысшы жалақы алмаған. Оның жалпы сомасы кезектен тыс тексеруден соң белгілі болады»,- дейді облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев.
Еске салсақ, Ақтөбе облысы, Шалқар ауданына қарасты Біршоғыр ауылы маңында қиыршық тас өндіретін «Жаңатас» компаниясы өз жұмысшыларына жалақы төлей алмай отыр. «Ертең болады» деген жауапты естуден шаршаған жұмысшылар бүгін кеңсе алдына жиналып, әкімдіктен көмек сұрады.
«Жалақы ала алмаған соң, қазан айынан бастап прокуратураға, еңбек инспекциясына шағым түсірдік. Ешкімнен жауап келмеді. Қазір ауылдан, қалаға келдік. Бір аптадан бері кеңсеге келіп жүрміз, жауап жоқ. Бала-шағамыз күнде жылайды, несиеміз де төленбей жатыр. Тіпті, қайыр сұрап кетудің аз-ақ алдында жүрміз»,- деді жұмысшы Мақсат Тәжібаев.
Анықталғандай, қызметкерлердің бір бөлігінде заңды түрде ресімделген еңбек келісімшарты болса, бірі жұмысқа ауызша келісіп кірген.
«Қаладаға кеңсеге келіп, жалақымызды аламыз деп үміттендік. Бірақ ешкім нақты жауап бере алмайды. Ауылдан келдік, қазір қалтамызда бір тиын ақша қалмады. Ауылға қалай қайтарымызды білмейміз. Бәріміздің басымызда бірнеше несие бар, балаларымызға тамақ тауып беру мұң болып кетті»,- дейді зауыттың тағы бір еңбеккері Едіге Наурызбаев.