Ақтөбеде студенттер төбелесіп, 19 жастағы жігіт ауруханаға түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Студенттер арасындағы төбелес 5 ақпан күні болды. Оқиға Қ.Жұбанов университетінің жатақханасының маңында тіркелген.
«Жедел іс-шара кезінде полиция төбелеске қатысқандарды анықтап, ұстады. Қазір пышақ салған күдіктінің жеке басы анықталып жатыр. Ұстау шаралары қолға алынды. Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғалды, тергеу басталды. Полиция жатақхана мен жалдамалы пәтерде тұратын студенттердің ата-аналарын баланы бақылауда ұстауға шақырады», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Университеттің жастар саясаты әлеуметтік мәселелер департаментінің директоры Қарлығаш Сатыбалдинаның айтуынша, жараланған тау-кен ісі мамандығының 2 курс студенті.
«Дәрігерлермен сөйлесіп отырмыз. Кім пышақтағанын білмейміз. Оқиға көпқабатты үйдің жанында болған», - деді Қарлығаш Сатыбалдина.
Айта кетейік, пышақ жарақатын алған студентке ота жасалды.
«Кеше жедел жәрдем ауруханасына 19 жастағы жас жігіт әкелінді. Ол жарты сағат бұрын танымайтын адамдар пышақ жарақатын салғанын айтты. Кеуде қуысы, сол жақ аяғы зақымданған. Түскен кезде жағдайы ауыр болды. Бір сағаттан соң операция жасалды. Сол жақ кеуде қуысының кесіліп, тесілген, өкпе жарақаты анықталды. Өкпесі тігілді. 500-600 мл қан кеткен. Алдымен жансақтау бөлімінде болып, кейін палатаға ауыстырылды. Қазір өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - деді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов.