Ақтөбеде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 8 ардагер бар. Олардың әрқайсысына 2 миллион теңгеден біржолғы төлем беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысында 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Жеңіс күні мерекелік-танымдық шаралар өтеді.
Қала мен аудандардағы орталық саябақтарда, мәдениет үйлерінде жергілікті өнерпаздар өз бағдарламаларын ұсынады.
Ал 9 мамыр күні ардагерлерге құрмет көрсетіледі.
«Соғыс ардагерлері үшін материалдық көтермелеу ретінде 2 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлем ұйымдастырылады. Қазіргі таңда облыста 8 соғыс ардагері бар. Олардың алтауы Ақтөбе қаласында, екеуі Мұғалжар және Хромтау аудандарында. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына теңестірілгендер саны – 1933. Оларға төленетін біржолғы көмек әр қайсысына 50 000-100 000 теңгені құрайды. Сонымен қатар, тыл ардагерлеріне, яғни, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген адамдарға 50 000 теңге беріледі. Нәтижесінде облыс бойынша 5415 адам 378,7 млн теңге бірреттік төлеммен қамтылады», - деді Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.
Айта кетейік, ардагерлер тұратын үйдің аулаларында концерттік шаралар ұйымдастырылады.
Соғыс ардагерлері мен қан майданда қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналары мен жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіліп, еріктілер жәрдем көрсетеді.
«Бейбіт күн жасасын әлемде!» атты мерекелік шара барлық саябақта өтеді.
«Жеңіс күні «Жаужүрек полк» шеруі өтпейді. Шара форматы өзгеріп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Жаужүрек полк» платформасында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарда онлайн түрінде ұйымдастырылады. Мұнда акцияға қатысушылардың бірыңғай дерегі жиналып, қазақстандық соғыс ардагерлерінің тарихи анықтамалықтары жасалады. Кез келген адам қолда бар ақпаратты қалдырып, кейін сол мәліметті қолдануға мүмкіндік алады», - деді Ләззат Оразбаева.