10 жел, 2020 сағат 15:53

Ақтөбедегі шошқа фермасына 7 млрд теңге айыппұл салынды

Ақтөбеде экологтар шошқа фермасының жұмысынан бірнеше заңсыздықты анықтап, айыппұл салды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына қатысты тексеру жұмысының қорытындысы шығарылды. 

Тексеру барысында сойылған малдың ішек-қарын, өлексесі, қатты тұрмыстық қалдықтары, құрылыс және ауыл шаруашылығы қалдықтары жүйелі түрде шұңқырға көмілген.

Тексеру барысында бүлінген жер көлемі анықталып, шығын көлемі 14,2 млн теңге деп есептелді. Сонымен бірге қылмыстық іс қозғалды. 

«Сонымен бірге тексеру кезінде 2018-2019 жылдары аралығында шаруашылықта қоршаған ортаны қорғау заңдылығы сақталмағаны белгілі болды. Мал басының саны негізсіз өскен. Жоба бойынша 40 мың бас, ал шын мәнінде 50 мың бастан астам шошқа баққан. Ағынды су Байбақты өзенінің арнасын ластаған. Серіктестік Экология кодексін сақтамай, Әкімшілік құқық бұзу кодексі бойынша үш іс қозғалды. Барлығы 7 миллиард теңгеден астам шығын есептеліп, айыппұл салынды. Кәсіпкер заң бойынша 1 айда төлеуі тиіс. Егер төлемесе, бұл іс те сотқа жолданады», - деді облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.

Нұсқама мерзімінде орындалмаса, кәсіпорынның шаруашылық қызметін уақытша тоқтату туралы сотқа талап-арыз жолданады.