Шөбі өртенген Ақтөбе облысы, Қосестек ауылының тұрғындарына 100 мың теңгеден материалдық көмек көрсетілді. Ал ауылдың шөбін өртеп жүрген күдікті әлі анықталған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданына қарасты Қосестек ауылының тұрғындары әлі үрей үстінде отыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, соңғы күндері белгісіз біреулер елдің шөбін өртеп жүр. Кейбіріне «кезек сенде» деген хат та қалдырып кетеді екен. Қаскөйлер банк карточкасына 50 мың теңге аударуды талап етеді. Қазір ауылды қарауылдауға полиция, төтенше жағдайлар қызметі тартылған.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінен хабарлағандай, арнайы құрылған комиссия зардап шеккен отбасыларға 100 мың теңгеден көмек көрсетуде. Ал қайырымды жандар азық-түлік жеткізіп жатыр.
«Өрт оқиғалары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстарын арнайы топ жүргізіп жатыр. Топ құрамына Ақтөбе облысының прокуратура және полиция департаментінің қызметкерлері кірді. Зардап шеккендерге нақты көмек көрсету үшін және шығынды анықтау мақсатында аудандық мәслихат, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы мен жергілікті билік өкілдерінен құрылған комиссия жасақталды. Комиссия құрамы өрттен зардап шеккендермен кездесіп, әр отбасыға көмек ретінде 100 мың теңгеден табыс етті. Демеушілердің көмегімен әр отбасыға азық-түлік жеткізілді. Қазіргі уақытта ауылда 50 полиция қызметкері, төтенше жағдайлар бөлімі және жергілікті тұрғындардың күшімен тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды», - деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Ал Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікті әлі ұсталған жоқ.
Атап өтілгендей, бүгінгі күні 700 үйі бар Қосестек ауылдық округіндегі жағдай тұрақты. Өртке қатысты мәселе облыс басшылығының бақылауына алынды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері қылмысты ашуға бағытталған шаралар кешенін жүргізуде.