Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі фермерлік шаруашылықты қате есептелген қосымша кеден салығынан қорғап қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттіктің хабарлауынша, «Green Capital Kazakhstan» компаниясы жаңа жылыжай технологиясын қолдана отырып, Ақтөбе облысында көкөніс өсіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамыр айында кәсіпорынның жұмысымен танысқанда фирма директоры Дирк Алевен қызанақтың жыл сайынғы өнімі шамамен 3 мың тонна болатынын мәлімдеген.
«Әр апта сайын біз 100 тоннадан жинаймыз. Негізінен 80 пайызы Ресейге экспортқа кетеді. Қазір бізде 90 адам жұмыс істейді. Жылыжай бес гектарда орналасқан. Біз тағы 5-еуін салғанда қызметкерлер саны 150-160 адамды құрайды», - деп Дирк Алевен айтқан болатын.
Бизнесмен қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында жылыжайдың құрылысына рұқсат алуға 100 000 евро (500 млн теңге) жұмсағанын атап өтті. Алайда, іс мұнымен бітпепті. Нидерландтық инвестор елге түрлі жабдықтар әкелуді шешеді. Осыған келгенде Мемлекеттік кіріс комитетінің кеден органдары жоспардан тыс тексеру ұйымдастырып, техниканы қате жіктегені үшін Green Capital Kazakhstan-ға қазынагерлер 350 млн теңге қосымша баж салығын салған. Фирма өкілдерінің айтуынша, бұл соманың қайдан пайда болғанын ешкім нақты түсіндіріп бере алмапты.
Ақыры, инвесторлар өз мүддесін қорғау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, нақтырақ айтқанда, «Protecting business and investments» жобалық кеңсесіне жүгінген.
«Әрине, біз мұндай қосымша есептеулермен келіспей, жобалық кеңсе мен облыстық әкімдікке жүгіндік. Тек осыдан кейін ғана бәрі өзгере бастады», - дейді «Green Capital Kazakhstan LLP» ЖШС техникалық директоры Ерлан Жаңабергенов.
Агенттік араласпағанда компанияны 1 млн долларлық шығын банкрот етіп, сол арқылы Ақтөбе облысын 240 жұмыс орнынан айырар еді
«Тексеру қорытындысы бойынша қате жіктегені үшін аталған кәсіпорынға 350 млн теңгеден астам қосымша кеден есептеулерін көрсеткен. Бұл компания мен инвестициялар жөніндегі комитет арасындағы кеден салығын төлеуден босату түріндегі инвестициялық жеңілдік берілген келісім-шартқа қарамастан болған», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдула.
Нәтижесінде, ҚР Қаржы министрлігінің аппеляциялық комиссиясы инвестор мен кеденшілер арасындағы дауды қарастырды. Айыппұл кеден салымдары тек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет араласқаннан кейін ғана тоқтатылып отыр.