15 ақп, 2019 сағат 13:48

Ақтөбеде селден зардап шеккен ауылды көшіру үшін тұрғындардың келісімі керек

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен Махамбет ауылының тұрғындарын көшіру үшін бірауыздан келісім керек. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 2017 жылы су тасқыны болып, жүздеген үйдің тұрғындары баспанасын тастап, уақытша орындарға қоныстанған болатын. Сол кезде Махамбет ауылының тұрғындарын түгел көшіру туралы ұсыныс қаралып, Үкімет комиссиясы жұмыс істеді. Тұрғындар осы мәселенің шешімін облыс әкімінен сұрады.

«Махамбет, Вохр ауылының жағдайын жақсы білеміз. Демеушілердің көмегімен су тасқынынан соң 120 үй салынды. Ал Махамбет ауылын түгел көшіруді ойға алған едік. Үкіметтің арнайы комиссиясы келіп қарады. Тек тұрғындардың бәрі бірігіп, құжат жинап, бірауыздан көшуге келісім беруі тиіс болатын. Бірақ келісім берілмей, құжат дайындалмады. Мәселе сол күйі ашық тұр. Бұл жерде тұруға болмайды. Ауасы нашар, үйлерінің құрылысы дұрыс емес. Құжат реттелсе, басқа жерге көшіру іс-шарасы қолданылады», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.