Фото: ашық дереккөз
Ақтөбе қалалық сотына қала тұрғыны үй жағдайында жасалған блефаропластика (қабақтың пластикалық отасы) операциясынан кейін медициналық және моральдық шығынды өндіру туралы талаппен жүгінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақтөбе сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талап қоюшы Instagram желісінен көрген жарнама арқылы 2023 жылдың 4 тамызында жауапкердің жалдамалы пәтерінде ота жасатуға келіседі. Бірінші операциядан кейінгі бір апта өткен соң, әйел көзі асимметриялы болғанын байқап, 15 тамызда екінші ота жасатуға мәжбүр болады. Алайда, екінші ота барысында жауапкер оң қабақтың терісін тым терең кесіп, кірпіктермен бірге алып тастағандықтан, талап қоюшының қан кетуі тоқтамайды. Жарақатты лазермен күйдіріп, қан кетуді тоқтатуға тырысқанымен, әйел денсаулығына зиян келтіріп, медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болады.
Әйел қазірде қабағы толық жабылмайтындықтан, жұмыстан шығып, емделу және оңалту шараларын өтеп жатыр. Соттың қарау барысында анықталғандай, жауапкердің пластикалық хирургия бойынша лицензиясы жоқ, тек фельдшер ретінде сертификаты ғана бар екені белгілі болды.
Сот шешімімен жауапкер талап қоюшыға 80 мың теңге көлеміндегі операция шығынын өз еркімен қайтарған, бірақ сот қосымша 235 мың теңге материалдық шығын және 1 миллион теңге моральдық зиян төлеуді міндеттеді.
Бұл сот шешімі заңды күшіне енді.