16 мам, 2017 сағат 09:54

Ақтөбеде мұнарадан секіріп кеткен ерлі-зайыптыға қатысты жантүршігерлік деректер анықталды

Ақтөбеде суицид жасаған ерлі-зайыптыға қатысты жантүршігерлік деректер анықталды. Сөйтсек, бүлдіршінді өгей шешесі мен әкесі қараңғы бөлмеде қамап ұстап, сабаған. Бірінші сыныпта оқитын Кристинаға туған әкесі де араша түспей, керісінше әйелінің мұндай жауыздығын жасырмақ болған. Әйтеуір, көршілерінің арқасында бала аман қалды. Қазір басынан ауыр жараланған Кристина ауруханада жатыр. Бұл туралы "КТК" телеарнасы хабарлады. 

"7 жасар Кристинаның денесі ит талағандай. Көгермеген жері қалмаған. Қос жанары қанталап, беті білеуленіп ісіп кеткен. Бұл өзге емес, бір шаңырақта тұрып жатқан өгей шешенің көрсеткен қорлығы. Адуынды әйел баланы аяусыз ұрып-соғып, қараңғы бөлмеге қамап қоятын болған", - дейді телеарна тілшісі. 

Оқушы Кристина Шустер ендігі бақилық болып кеткен әке-шешесінен қатты қорқатынын айтқан. "Әке-шешемнен қорқамын. Олар мені ұрады. Олардан құтылғаныма қуанамын. Өгей анам "сабағанымды ешкімге айтпа, айтсаң аямаймын" деді. Мен енді үйіме қайтып барғым келмейді", - дейді ол.

Үнемі күліп жүретін Кристина соңғы бір айда ауладан көрінбей кеткен соң көршілері алаңдай бастаған екен. Ал өгей шешесі үнемі ауырып жатыр деп жауап беретін болған. Күдіктері сейілмеген көршілер ақыры тәртіп сақшысына хабарлапты.

"Аулаға шығып ойнайтын еді, соңғы кезде мүлдем шықпайтын болды. Сабақтан қайып келе жатқанда ғана байқап қаламыз. Бірақ бүгежектеп, бұрынғыдай сөйлемейді", - дейді көршісі Александра Бевзенко.

Сөйтіп, шақыртумен келген тәртіп сақшылары таяқтан әбден әлсіреп, шалажансар болып жатқан Кристинаны пәтерінен тауып алған. 

"Қызды үйінде жазалап жатыр деген хабар келді. Сол бойынша қызметтік міндетімізді атқардық. Сұрастырып тексеру барысында қызды үйдің ішінен, шкафтың ішінен шығарып алдық", - дейді учаскелік инспектор Қазыбек Адайбаев. (Дереккөз: КТК)

Осыдан кейін қыздың әкесі Владимир Шустер мен өгей шешесі Әсел Дүйсенбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қаладан шықпау туралы қолхат алыныпты. Ал кеше, қызын сабап тастады деп айыпталған ерлі-зайыпты мұнарадан секіріп кетіп, алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапқан еді.