Ақтөбеде киік атып, мүйізін кесіп алған күдікті ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе облыстық полиция департаменті 7 ақпан күні Әйтеке би ауданының Ұлғайсын ауылы маңында қарда жүретін көліктен екі киіктің тұтас етін тапты. Олардың мүйізін кесіп алған.
«Жедел іздестіру жұмысы кезінде қарда жүретін көлік иесі анықталды. Ол Әйтеке би ауданының тұрғынына көлігін сатып жіберген. Ал қарда жүретін көлікті сатып алған адам танысына уақытша берген. Полиция қызметкерлері барлық байланысты анықтап, 27 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Ол жылқы бағып жүрген кезде екі киік атып алғанын жасырмады. Кейін ен даладағы қыстаққа қаруын тығып кеткен. Ал қарда жүретін көлігі бұзылған.
Қазір осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 337 бабымен тергеу жүріп жатыр. Киік еті мен мүйізі заттай айғақ ретінде тәркіленді. Күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, елімізде браконьерлерге қатысты заң күшейтілген болатын.