15 жел, 2019 сағат 12:55

Ақтөбеде қазақ күресінен Әлем чемпионаты басталды

Ақтөбеде басталған Qazaq Kurеsiнен Әлем чемпионатына 40-тан астам елден палуан қатысуда, -деп хабарлайды Qazaq Kuresi федераиясының баспасөз қызметі.

Qazaq Kurеsi халықаралық федерациясының хабарлауынша, Украина, Грузия, Австрия, Норвегия, Эстония, Франция, Ирландия, Германия, Пәкістан, Өзбекстан, Иран, Ұлыбритания, Қырғызстан, Үндістан, Литва, Словения, Ресей палуандары боз келемде белдеседі. Барлығы 8 салмақ дәрежесі бойынша әлемдік атақ пен медаль беріледі. Әлем чемпионатын ұйымдастыру комитеті Ақтөбе қаласына әр елден бес балуан мен бір бапкерді шақырды

«2019 жылғы Әлем чемпионаты символдарының бірі - Олимпиада алауы. Чемпионат өтетін Ақтөбе қаласының танымал символы - қызғалдақ. Қазақстанның батыс өңірі мұнай және газ кен орындарына бай. Сондықтан символдардың екінші түсіндірмесі - отты қызғалдақ. Логотиптің дөңгелек формасы шараның халықаралық, жаһандық мәртебесін көрсете отырып, жер шарының бейнесін білдіреді. Қызыл, сары және көк түстер қазақ күресінен жарыстар өтетін татами дәстүріне сай. Бұл түстер логотип кодының негізі. Чемпионатты 20 спорт төрешісі бағалайды. Олардың 12-сі - қазақстандық, 8-і - шетелдік төрешілер. Төрешілер құрамына Қазақстан, Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Литва және Армения мемлекеттерінің өкілдері қатысады. Qazaq Kuresi халықаралық федерациясы ұйымдастырған чемпионаттар тарихында алғаш рет төрешілер құрамына Қырғызстаннан келген әйел төреші қосылды», - деді ұйымдастыру комитеті.

Жарыстың бас төрешісі - халықаралық дәрежедегі Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, PhD докторы - Ербол Мырзабосынов. Qazaq Kuresi халықаралық федерациясы алтын, күміс, қола медальдардан басқа, үздік техниканы, әдемі лақтыруды және 2019 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жету ниеті үшін күрескерлерді марапаттайды. Чемпионат аясында төрешілерге семинар өтті.

Семинар барысында Qazaq Kuresi төрешілігі талқыланды.