Бүгін Ақтөбеде облыстағы кәріс ұлтының бастамасымен қазақ халқына алғыс ретінде орнатылған мүсіндік композицияның ашылуы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мүсіндік композиция Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақтағы Тутұғыр маңына орнатылды.
Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.
«Осыдан 85 жыл бұрын кәрістер Қиыр Шығыста пойызға отырғызылып, Қазақстанға күштеп қоныс аударылды. Сол кезде Қазақстан халқы қиын жағдайда болғанымен, кәрістерге баспана, киім-кешек, азық-түлік жағынан көмек қолын созып, оларды жақын көрші, отбасы мүшесі ретінде қарсы алды. Сол күндері қолдау білдірген жандардың құрметіне бүгін мүсіндік композиция орнатылды», - деп атап өтті Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг Сок.
Өз кезегінде облыс әкімі де өз ризашылығын білдірді.
«Алғыс айту күні – қазақстандықтардан қолдау тапқан мейірімділіктің, өзара сыйластықтың, достық пен ынтымақтастықтың мерекесі.
Ақтөбе облысында Алғыс айту күні болған жарқын оқиға – аталмыш ескерткіштің ашылуы. Бұл біздің халыққа деген шынайы ризашылықтың куәсі. Құрметті елші, Ақтөбе өңірінің тұрғындары атынан сізге және сіз арқылы Корея Республикасының бүкіл халқына алғысымды білдіремін», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Жиналғандарды Алғыс айту күнімен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов та құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің бірқатар мүшесін марапаттады.
«Ақтөбе облысының кәрістері атынан қазақ халқына алғыс» мүсіндік композициясында қазақ және кәріс әйелдерінің мүсіндері бейнеленген. Қазақ әйелі кәріс әйеліне қонақжайлылықтың белгісі ретінде кесемен қымыз ұсынып тұр. Ал шаңырақты ұстап тұрған құстың қос қанаты татулықтың белгісі іспетті. Композицияның жалпы биіктігі – 4,7 метр, ені – 4,5 метр.