13 нау, 2020 сағат 13:51

Ақтөбеде Италиядан келген әжесі мен немересі карантинде жатыр

Ақтөбеде коронавирус қаупі жоғары елден келген 6 адам анықталды. Оның төртеуі - Қытай, екеуі - Италиядан келген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева бүгін баспасөз мәслихатында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін айтты. Облысқа 6 адам келіп, дәрігерлер бәрін бақылауға алған. 

«Қытайдан келген төрт адам карантинде болып, вирус анықталмаған соң шығарылды. Ал Италиядан келген екі адам қазір дәрігерлер бақылауында. Әжесі мен немересі шетелге демалуға барған екен», - деді Нұрсұлу Беркімбаева. 

Айта кетейік, Ақтөбеде арнайы штаб құрылған. Жағдай күнделікті бақылауға алынды. 

«Инфекциялық ауруханада арнайы 25 кереуеттік изолятор және жүйке ауруына шалдыққан азаматтарды емдеу орнында қосымша 105 кереует дайын тұр. Бұл жерде толық жағдай жасалған. Материалдық-техникалық базасы жақсы, дәрі-дәрмек жеткілікті. Дәрігерлер арнайы дайындықтан өтті. Оған қосымша медициналық колледждің жатақханасы мен «Мұнайшы» лагерін қосып, 500 орын дайындалды. Осы жағдайға байланысты жедел жәрдемнің екі бригадасы дайындалды» , - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.