Ақтөбе облысы бойынша 5 адам карантинде жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аймақта короновирус инфекциясы тіркелмегенін хабарлады. Ақтөбеде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
«Бүгінгі күні 1 «А» санаты бойынша 5 адам стационарлық карантинде жатыр. Оның ішінде 2 адам Италиядан келген (біреуі бала), сараптама нәтижелері теріс. Тағы 2 адам Испаниядан келген, сараптама нәтижелері теріс. Бір адам Германиядан келген, оның да сараптама нәтижесі теріс. 1 «Б» санаты бойынша 20 адам үй карантиніне алынды. 2 санаттағы елдерден келген 28 адам телефон байланысы арқылы медициналық бақылауда», - деп хабарлады облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Барлық эпидемияға қарсы қажетті іс-шаралар, оның ішінде оқшаулау, емдеу және дезинфекциялық жұмыс уақытылы жүріп жатыр.
«Күніне шекарадан 700 адам өтеді. Оның ішінде короновирус инфекциясы бойынша қолайсыз елдерден келген азаматтар бақылауға алынады. Өткен тәулік ішінде шекарадан 648 адам өткен. Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің, Комитеттің және департаменттің әлеуметтік желідегі парақшасынан оқуға болады. Сонымен қатар 1406 нөмірі тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ коронавирус инфекциясына қатысты сұрақтар бойынша Ақтөбе облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің 8/7132/ 55-77-37 байланыс номеріне, дәрілер және маскалар бойынша – 8/7132/ 55-75-18 байланыс номеріне хабарласа аласыздар», - деп хабарлады облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.