14 шіл, 2022 сағат 16:21

Ақтөбеде футбол академиясы салынып жатыр


Ақтөбеде 7-17 жастағы дарындыларды іріктеп, жарыстарға дайындайтын футбол академиясы салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің қалада футбол кең танымалдылыққа ие, жанкүйерлері көп. Сондай-ақ, біз балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт алаңдарының санын арттырып, бұқаралық спортты дамыту жұмыстарын жалғастыруымыз керек. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Тек кәсіби спортқа ғана емес, сонымен қатар бұқаралық спортқа да жағдай жасау керек», - деді құрылыс барысымен танысқан Оңдасын Оразалин.

Футбол академиясы «Химик» стадионының жанынан салынып жатыр. Академия ғимараты екі қабатты әкімшілік-тұрмыстық корпустан тұрады. Жаттығу залы, ем-дом бөлмесі, академия тыңдаушыларына арналған жатақхана, сонымен қатар күмбез іспетті төбе жабындысы қаралған. Мұнда жыл бойы жаттығумен айналысуға болады.

Құрылыс келер жылдың мамыр айында аяқталып, қолданысқа беріледі. Егер екі қабатты ғимаратты тұрғызуға арналған материал Словакиядан биыл қыркүйек айында әкелінсе, нысанды ерте пайдалануға беруге де мүмкіндік бар. 

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин спорт нысанының маңыздылығын атап өтіп, жұмысты сапалы орындауды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі «Химик» стадионында жүгіретін ақтөбеліктер үшін арнайы жол салу қажеттігіне назар аударды.