05 шіл, 2018 сағат 08:16

Ақтөбеде ЕRG компаниясының ашық есік күндері өтті

Ақтөбеде облыс әкімдігінің бастамасымен ERG S.a.r.l. құрамына кіретін кәсіпорындардың сатып алу процедурасының қатысушылары мен әлеуетті жеткізушілері үшін ЕRG компаниясының ашық есік күндері өтті.

Шараның басты мақсаты – мемлекет басшысының ірі кәсіпорындарды шағын және орта бизнес субъектілерімен біріктіру шараларын қабылдау туралы  тапсырмасына сәйкес ЕRG компаниясының сатып алу рәсіміне қол жеткізуді кеңейту.

Кездесуге шағын және орта бизнес мәртебесі бар отыздан аса ақтөбелік түрлі компаниялар қатысты. Атап айтқанда, көрмеде арнайы киімдер тігетін, бекітпе бұйымдарын, өртке қарсы жабдықтарды, полиэтилен құбырларын, фильтрациялайтын элементтерді, сорғылау және  желдеткіш құрал-жабдықтарын, қағаз өнімдерін, азық-түлік шығаратын кәсіпорындар, тағамдануды ұйымдастыру ұйымдарының қызметін көрсететін компаниялар және т.б. өз өнімдерін ұсынды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Еуразиялық топтар» менеджерлері кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, «Атамекен» ӨКП өкілдері қатысқан  дөңгелек үстел кезінде тараптар ЕRG-дің ақтөбелік шағын және орта бизнеспен серіктестігінің өзекті сұрақтарын талқылады.

Облыс әкімі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті болып табылатынын атап өтті.

- Президент Нұрсұлтан Әбішұлы 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ел экономиксындағы үлесін 50 пайызға дейін көбейту міндетін қойды. Бүгінде Ақтөбе облысының экономикадағы шағын және орта бизнесінің үлесі 32 пайызды құрайды. Осындай кездесулердің, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Біз кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Сондай-ақ, «Қазхром» 25 жылдың ішінде облыс экономикасына шамамен жарты триллион теңге инвестициялағанын айтқым келеді. Осы жылға 70 миллиардтай теңге жоспарланған. ERG басшылығына бастамаларды қолдап, өз өндірісін тоқтаусыз жетілдіріп отырғаны үшін алғыс айтамыз, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде А. Машкевич өңірдегі бизнес ахуалға жоғары баға беріп, жергілікті тауарөндірушілермен серіктестік етуге қызығушылық танытатынын растады.

- Біз жергілікті кәсіпкерлікпен көптеген себептер бойынша - патриоттық және экономикалық тұрғыдан және тұрақтылық тұрғысынан бірге жұмыс істеуге ұмтыламыз. Сандар өздері үшін сөйлейді. Мәселен, былтыр, «Қазхромның» өзі отандық өндірушілерден 19 млрд теңгеге, Ақтөбе облысы бойынша 4 млрд теңгеге тауар сатып алған. Ақтөбе облысының осында шағын және орта бизнес жұмысы үшін қолайлы жағдай құруға ең белсенді өңірлердің бірі екенін айтқым келеді. Сол үшін облыс басшылығына үлкен рахмет, - деді Александр Машкевич.

Қоса кетейік, ЕRG «Қазхром» ТҰК» АҚ (Дөң тау-кен байыту комбинаты, АЗФ, Ақсу ферроқорытпа зауыты), «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан аллюминиі» АҚ сынды қала түзуші кәсіпорындардың басын біріктіреді.