Ақтөбеде дәрі-дәрмек тасымалдайтын көлік иесі Ақтөбе-Орал бағытында жасырын адам тасымалдаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе облысының ПД қызметкерлері жасырын қалааралық тасымалдаумен айналысқан жүргізушіні анықтады. Ақтөбе қаласының Қобда бағытындағы №1 блокпостта «Хонда-Элюзион» көлігі тоқтатылды. Онда жүргізушіден бөлек тағы төрт жолаушы болған.
«Тексеру барысында автокөлік жүргізушісі фармацевтика компаниясының өкілімен Ақтөбе қаласынан Орал қаласына дәрілік заттарды тасымалдағаны анықталды. «Индрайвер» қосымшасының көмегімен жүргізуші және фармацевтика компаниясының өкілі Ақтөбеге жолаушы жинап, тасымалдаған. Төрт жолаушыға ӘҚБтК-нің «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал жүргізушіге ӘҚБтК-нің «Төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер» бабы бойынша хаттама толтырылып, материалдар шешім қабылдау үшін Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.