20 қар, 2018 сағат 14:16

Ақтөбеде белгісіз біреулер ауылдағы шөпті кезекпен өртеп жүр

Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Қосестек ауылының тұрғындары бір аптадан бері қорасындағы жем-шөбін күзетіп жүр. Себебі белгісіз біреулер хат жазып, «кезек сенде» деп ескертіп, шөбін өртеп кетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Қосестек ауылындағы түсініксіз жағдай ел назарын аударды. Ауыл халқы үрейленіп, өз кезегін күтіп жүр. Қорасы мен жем-шөбі бар тұрғындар кезекшілік қойып, аулаға ит байлады. Бірақ нәтиже аз. Себебі, белгісіз біреу «кезек сенде» деп үшбу хат тастап кетті.

«Хатта «Руслан, бүгін сенің жолың болды. Бірақ келесі кезек сенде. Қорасында шөбі бар адамның бәрі 50 мың теңге дайындасын. Карта нөмірін хабарлаймыз» деген жазу бар. Бұл хатты полиция алып кетті. Содан бері ұйқы жоқ, күзет күшейді», - деді ауыл тұрғыны Назия Жұмабаева.


Қазіргі кезде ауылда 7 үйдің шөбі күлге айналды. Күнде бір үйден өрт шығып, тұрғындар өз күшімен сөндіріп әлек. Ауыл тұрғындарының шығыны 200-800 мың теңгеге жеткен.

«Шөптің бәрі жанып кетті. Шөп болмаған соң малды союға тура келді. Қыс келді, оларды қалай бағамын?» - деді тағы бір ауыл тұрғыны Тағыберген Бәйменов.

Қазіргі кезде аудан әкімдігі мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия жіберді.

«Аудандық полиция бөліміне хабар беріп, қылмыстық іс қозғалды. Халық әкімдікке арыз жазып, көмек сұрамады. Бірақ әкімдік шөбі мен қорасы өртенген үйді бақылауға алды. Оларға жұмыспен қамту орталығы жанынан материалдық көмек беріледі. Комиссия шешімі алдағы уақытта белгілі болады. Ауылда полиция жұмыс істеп жатыр», - Қарғалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ержан Есенбаев.


Айта кетейік, ауылда 700 үй бар. Ауыл әкімі Гүлжан Досмағамбетованың айтуынша, шөбі өртеніп, мал азығын таба алмай отырған тұрғындарға «Қосестекагро» шаруашылығы көмектесіп, өткен жылдардан қалған шөпті бермек. Ал ауылға 14 қарашадан бері үздіксіз күзет қойылды.