Фото: Polisia.kz
Ақтөбе облысында баласын өлтірген әке өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-тің 99-бабының 3-бөлігімен (Жас баланы өлтіру) көзделген қылмыс жасаған А.-ға қатысты үкім жарияланды.
Былтыр 23 желтоқсанда азамат А. өзінің салқын тиіп ауырып тұрған 4 жасар баласы Д.-ның мазасызданып, жылағанына ашуланып, басы, беті және ішкі тұстарынан бірнеше рет ұрғаны анықталды. Бала есінен танып, бас сүйегі жарақаттанып, қансырау салдарынан қылмыс орнында қайтыс болған.
Келесі күні баланың әкесі аса ауыр қылмысты жасыру мақсатында баласының мәйітін айдалаға көміп тастаған.
"Сотталушы өзіне тағылған айып бойынша кінәсін мойындамай, баласы ойнап жүріп жерге құлап, кейін басын орындыққа ұрып қайтыс болғанын, сасқалақтап, полицияға, жедел жәрдемге хабарламастан экскаватор жалдап, тереңдігі 2 метрден астам шұңқыр қаздырып, жасырын жерлеп тастағанын, бірнеше күннен соң баланың жоғалғаны туралы полицияға хабарлағанын, кейін шыдай алмай жерлеген жерін өз еркімен көрсеткенін айтты.
Прокурор тағылған айыпты толықтай қолдап, соттан азамат А.-ға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады" - делінген хабарламада.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
"Сот жасалған қылмыстың сипаты мен ауырлығын, қоғамға қауіптілігін, қылмысты жасау мән-жайларын, балаға келтірілген дене жарақаттарының ауырлығын ескере отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотта істі қарау барысында анықталған заң талаптарын елеулі бұзушылықтар және жауапты тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне немқұрайлы, салғырт қарауы салдарының нәтижесі жас бала өліміне әкеліп соқтырып отырғандықтан, сотпен Ақтөбе облысының полиция Департаменті және облыстық білім басқармасы атына жеке қаулы шығарылды" - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.