Фото: Pixabay.com
Ақтөбедегі Есет батыр тұрғын үй алабында балалы әйелге иттер шабуыл жасады. Әйел екі жасар ұлын қорғап қалған, бірақ иттер тұрғынның аяғын тістеп тастаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Диапазон" сайтына сілтеме жасап.
Әйелдің жұбайының айтуынша, ол сағат 19.00 шаасында үшінші ықшамауданнан төртінші ықшамауданға шыққан. Бір топ ит әйелге шабуыл жасағанда қасында екі жасар ұлы болған.
"Әйелім ауырып, ине салыдруға көрші үйдегі туыстарына шыққан. Баламыз қасында болды. Иттер шабуыл жасағанда, ол баланы көтеріп, қолтығына қысып алған. Бірақ иттер өзіне шабуыл жасаған. Әйеліме көмектесуге екі адам жүгіріп келіп, иттерді қуып жіберіпті. Баламыз қатты қорықып қалды. Қазір иттерден қорқады. Әйелімді ауруханаға алып кетті, қазір екпе салдырып жүр. Құрылыс алаңындағылар мұнда иттер жиі жүретінін айтты. Олар қорықпайды. Менің әйеліме ғана емес, басқа бір жігітке де шабуыл жасапты. Ол иттерді қорқытып, қашып үлгерген", - деп бөлісті ер адам.
Сурет: "Диапазон"
Ветеринария басқармасы мәліметінше, жыл басынан 2 наурызға дейін облыста 3792 ит, Ақтөбе қаласында 2294 ит ауланып, жойылған. Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы жаңа заң күшіне енгеннен бері 2 наурыздан бері облыста 4 302 қаңғыбас ит ауланған.