Иллюстрациялық фото: elements.envato.com
Ақтөбеде әйелі мен қызын пышақтап тастаған мектеп директорының ісі облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. Сот ашық өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Қылмыстық іс сотқа түсті. Алдын ала тыңдау 2 ақпан күні облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді. Іс ашық қаралады», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Бұл оқиға былтыр Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Аққайтым ауылында болды. Жаңақоныс ауылдық округінің орталығы саналатын Аққайтым ауылында орта мектеп директоры әйелі мен баласын пышақтап тастаған.
«Қылмыстық кодекстің 99-бабы, яғни адам өлтіруге оқталу бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Күдікті екі айға қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу құпиялылығына байланысты таратылмайды», - деген еді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Сол кезде Шалқар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Еркебұлан Еркінұлы оқушының 7 жаста екенін және үстінде тіліктер барын айтты. Жараны таңып, үйіне жіберген. Себебі, жәбірленушілер ауруханада ем қабылдаудан бас тартқан.