Ақтөбеде жергілікті тіс емдеу мекемесінде арнайы операция өтіп, тіс дәрігерін кепілде ұстаған ер адамның көзі жойылған еді. Ер адам бұрынғы әйелін алып келуін талап еткен, бұл талабы орындалмаса кепілдегі әйелді өлтіремін деп қорқытқан. Оқиғаның видеосы пайда болды, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
Жергілікті тұрғын тіс дәрігерін мекеме ғимаратының ішінде кепілге алған. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл стоматологияда оның бұрынғы әйелі жұмыс істеген. Оқиға кешкі уақытта болғандықтан, медмекеменің ғимаратында клиент болмаған, тек персоналдан бірнеше адам қалған. Оқиға "Батыс" ауданында болды.
Әлеуметтік желілерде Ақтөбе тұрғындары оқиға орнынан сурет пен видеолар жариялап жатыр. Куәгерлер оқиға орнына тіпті тікұшақтың қонғанын айтты.
"14 наурызда сағат 19.00-де Ақтөбе полициясына белгісіз ер адамның стоматология әкімшісі - 1991 жылғы азаматшаны кепілге алып, өлтіремін деп қорқытқаны жайлы хабар түсті. Ер адамның қолында пышақ болған. Полиция оқиға орнына келгеннен кейін қылмыскердің жеке басын анықтады, ол 1993 жылғы азамат, жұмыссыз, 2016 жылы ұрлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған", - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ІІД өкілдері.
Полицияның мәліметінше, қалалық азамат өзімен жасты бұрынғы әйелін әкелуді талап еткен. Екеуі 7 наурыза ажырасып кеткен екен. Ақтөбе облыстық ІІД өкілдері күдіктінің оқиғаға дейін бұрынғы әйелінің ата-анасына келіп, бұрынғы енесіне пышақ жарақатын салғанын шұғыл түрде анықтаған. Енесі ауыр жарақат алған. Күдікті оны өлтіремін деп қорқытып, кездестіруін талап еткен.
"Ақтөбе облыстық ІІД басшылығы, ІІБ және Ақтөбе прокуроры 5 сағат бойы келіссөз жүргізіп, кепілге алынған әйелді босатуын сұраған. Алайда қылмыскер талапты орындаудан бас тартқан. Оның туыстары да оқиға орнына келіп, әйелді босатуын сұраған. Қылмыскер болса кепілдегі әйелді өлтіретінін айтқан, оның орнына бұрынғы әйелін әкеліп беруді талап еткен. Ол бұрынғы әйелін өлтіруді бұрыннан жоспарлағанын мәлімдеді. Бес сағат бойы жүргізілген келіссөз нәтиже бермегендіктен және мәселені бейбіт шешу жолдарының жоқтығын, ал қылмыскердің минут сайын ашуға берілгенін есепке ала отырып, полиция қызметкерлері түнгі сағат 12-де кепілдегі әйелді босатуға арналған күш фазасын өткізді. Күш құрылымдары табель қаруын қолдануы барысында қылмыскердің көзі жойылды. Кепілдегі әйел зардап шекпеді, алайда жүйке күйзелісіне ұшырады. Қазіргі уақытта оған дәрігерлер мен психологтар көмек көрсетіп жатыр", - деді ведомстводағылар.
Полицияның мәліметінше, Ақтөбе қалалық ІІБ осы дерекке байланысты соталды тергеуді бастаған.