Фото: astanatv.kz
Ақтөбеде автокөліктерді алып-сату схемасы бойынша қаржылық пирамида ұйымдастырған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, салымшылардың көлігін бөліп төлеу арқылы, нарықтағы бағадан қымбатқа сатып алып, үшінші тұлғаларға арзанырақ сатқан. Қылмысты ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаментінің қызметкерлері өңірлік прокуратурамен және ҰҚКД-мен бірлесіп, Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің көмегімен анықтаған.
"Auto Seller" ЖШС ломбард кейпіндегі қаржылық пирамида Ақтөбе облысының аумағында 2022 жылғы наурыздан бастап жұмыс жасаған. Материалдық залал сомасы 300 миллион теңгеден асады.
Ломбард қызметкерлері автокөлік иелеріне (тіркеу есебіне қарамастан) көліктерін жоғары бағамен сатып алуды ұсынған. Нотариалды куәландырылмаған, ресми тіркелмеген, бөліп төлеуді көздейтін, сатып алу-сату шарттарын жасасқан. Содан кейін көліктер үшінші тұлғаларға төмен бағамен сатылды, ал түскен ақша өз мүлкін сатқысы келетін келесі салымшыларға төленді", - делінген хабарламада.
"Auto Seller" ЖШС заңды мекенжайы бойынша тінту барысында техника, заңсыз қызметке қатысты құжаттама, діни сипаттағы әдебиеттер және банк карталары тәркіленген. Сот шешімі бойынша күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды.