04 там, 2022 сағат 22:09

Ақтөбеде автогазға ұзын-сонар кезек пайда болды


Ақтөбе облысында екі күннен бері автогаз тапшы. Қалада сұйытылған газ сататын бекеттердің басым көпшілігінде "газ жоқ" деп жазылған тақтайша ілулі тұр. Автогаз сатып жатқан бірең-сараң бекеттен ұзын-сонар көлік кезегін байқауға болады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

"Еш жерде газ жоқ, кей жерлерде талонмен беріп жатыр" дейді газ кезегінде тұрған ақтөбелік Жанар Клюмова. Өзін Айбек деп таныстырған тұрғын сұйытылған газ іздеп, бірнеше бекетті аралап шыққанын айтады.

Ақтөбе облысындағы сұйытылған газ тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы Алтынай Мұқанова облыс аумағындағы бекеттердің 20-30 пайызында ғана автогаз бар екенін айтады. Мұқанова автогаз тапшылығын шілдеде Ақтөбе облысына әлеуметтік газдың аз бөлінуімен байланыстырып отыр.

"Ай сайынғы норма 12 500 тонна болатын, шілде айында небәрі 10 000 тонна газ бөлінді" дейді Алтынай Мұқанова.

Ал облыс әкімдігі болса, газ тапшылығына газ өндіру зауыттарындағы жөндеу жұмыстары себеп дейді. Жергілікті билік "жағдай бүгін-ертең реттелуі керек, тамыз-қыркүйек айларында аймақта автогаз тапшылығы болмайды" деп уәде беріп отыр.

"Қазақстан ішкі нарығына сұйытылған мұнай газ жеткізу жөніндегі комиссия отырысының хаттамасына сәйкес газ өндіру зауыттарында жөндеу жұмыстарының жүргізілетіні алдын ала хабарланды. Газ тапшылығы осыдан туындап отыр. Жаз кезінде мемлекеттік шекара арқылы өтетін автокөлік ағыны ұлғайып, егістік басындағы жұмыстар да көбейеді. Сондықтан Қазақстан энергетика министрлігінен шілде айы үшін қосымша мың тонна газ сұрадық" деп хабарлады әкімдік.

Ресми мәліметке қарағанда, Ақтөбе облысында 171 847 автокөлік тіркелген. Оның отыз пайызға жуығы сұйытылған газбен жүреді.

Қазақстандағы газдың басым бөлігі өндірілетін батыс аймақта халықтың көбі көліктеріне арзан деп сұйытылған газ пайдаланады. Биыл қаңтарда батыстағы Жаңаөзен қаласында жұрт сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы шығып, бұл наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдаған еді. Қаңтарда елдегі сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы бейбіт наразылық соңы кейін қантөгіске ұласып, кемі 238 адам қаза болған. Сарапшылар мен билік сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсылық пен 5 қаңтардан кейінгі тәртіпсіздікті екі бөліп қарастырады.


Жаңагүл ЖҮРСІН