27 жел, 2017 сағат 12:01

Ақтөбеде ауыз судың қоры мұнаймен ластанып жатыр

Ақтөбеде Көкжиде кен орнындағы ауыз су қоры мұнаймен ластанып жатыр. Табиғат қорғаушылары Энергетика министрлігіне мұнай өндіруді тоқтатуға ұсыныс жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Көкжиде кен орнындағы жерасты суын 2009 жылдан бері бақылап отыр. Қазіргі кезде бұл кен орнында 7 мұнай өндіруші компания бар. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК Мұнай» ЖШС, «АдаОйл» ЖШС мұнай өндіру жұмыстарымен айналысса, өзгесі барлау жүргізіп жатыр.

«Барлау, мұнай бұрғылау жұмыстары жүріп жатқан кен орындарының жанында 17 ұңғыма бар. Осы ұңғымалар арқылы ауыз су құрамы тексеріледі. Жылына үш рет тексерілген кезде ауыз судың ластануы тіркеліп отыр. Биыл «КМК Мұнай» компаниясының аумағында, Ұрықтау кен орнында судың ластануы тіркелді»,  - деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл.

Айта кетейік, облыстық басқарма Энергетика басқармасына Көкжиде кен орнындағы ауыз су қорын ластайтын ұңғыма жұмысын тоқтату туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар, ауыз су құрамын тексеру жұмысын орталықтандыруды ұсынды. Негізі Көкжиде кен орнын игеріп жатқан мұнай компаниялары ұзақмерзімді келісімшарт бойынша жұмыс істеп жатыр. Әзірге ешқайсысының келісімшарты алдағы 10 жылда аяқталмайды.