Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Темір мост ауылындағы балалар екі күннен бері сабаққа бармай жүр. Бүгін ата-аналар жиналып, облыс әкімінен жаңа мектеп салып беруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Темір мост ауылының тұрғындары бүгін облыс әкімдігіне жиналып, өңір басшысы Оңдасын Оразалинмен кездесуді сұрады. Олар 1936 жылы теміржол вокзалы ретінде салынған ғимараттың қауіпті екенін, осыған қарай екі күн бойы балаларын сабаққа жібермегенін айтты.
«Мектебіміз апатты жағдайда тұр. Сондықтан мен қазір балаларымды сабаққа жібере алмай отырмын. Төбесі құлайын деп тұр. Ошақ тартпайды, от жақса жанбайды. Ыс басып кетеді. Мен балам уланып қалады деп қорқамын. Оқыс жағдай болса кім жауап береді?», - деді ауыл тұрғыны Гүлмира Төлегенова.
Барлығы облыс орталығына 10-нан астам ауыл тұрғыны келді. Олар мектептің 9 жылдық болып салынғанын қалайды.
«Мұғалжар ауданы, Темір мост бекетінен келіп тұрмын. Бізге мектеп керек. Осы мәселені көтеріп тұрмыз. Өзім теміржолшымын, қазір зейнетке шықтым. Үлкен отбасымыз, немерелерімнің сегізі мектеп жасында. Олардың жақсы мектепте оқығанын қалаймын. Біз 9 жылдық мектеп болса дейміз. Қазіргі мектептің жағдайы жаман. Апатты жағдайда тұр. Бұл негізінде 1936 жылы салынған теміржол вокзалы. Қаншама адам келіп қарады, бірақ оң шемімін көрмедім. Қазір ауылда 98 бала бар. Олардың көбі мектеп болмаған соң әр жерде жүр», - ауыл тұрғыны Раушан Байдилова.
Темір мост ауылында мектеп салу мәселесі 2017 жылы көтеріліп, жобалық-сметалық құжат әзірленді. Қазіргі кезде оның мерзімі өтіп кеткен.
«Темір мост мектебінің құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжат қайта жасалады. Аяқталған соң құрылыс жұмыстары басталады. Бұл бірнеше сараптамадан өтуі керек. Кейін бюджеттен қаржы сұраймыз, сосын құрылыс жүреді. Бұрынғы 200 млн теңге болса, қазір 360-400 млн тг болуы мүмкін», - деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров.
Кейін ауыл тұрғындарының алдына облыс әкімінің орынбасары да шақты. Ол биыл мектеп құрылысы басталса да оны жаңа оқу жылына дейін аяқтау қиын екенін айтты.
«Көтеріп отырған мәселе өзекті. Ол жерде 60 орынды мектеп салу жоспары бар. Қазір жобалық құжаттамаға қайтадан түзету енгізіліп жатыр. Ең көп дегенде үш ай уақыт алады. Құжат қолға тигенде облыстық бюджеттен қаржы бөлеміз. Құрылысты жылдың аяғында бастайтын боламыз. Биылғы оқы жылында аудандық білім бөлімі алып берген оқу ғимаратында білімін жалғастырады», - деді облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.