29 қаз, 2018 сағат 09:46

Ақтөбеде әлеуметтік бастамалар табысты жүзеге асырылуда

Екінші деңгейлі банктер Ақтөбе облысы бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 1 млрд. 728 млн. теңгені құрайтын ипотекалық тұрғын үй қарыздарын алуға 207 өтінім қабылдады. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, оның ішінде 1 млрд. 136 млн. теңгеге 131 өтінім мақұлданды.

Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында өңірлерге жергілікті бюджеттен бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау мүмкіндігін пысықтау тапсырылды. Бұл білікті педагогтар, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және облысқа қажетті басқа да мамандар үшін несиенің қолжетімділігін арттырады.

Қыркүйек айының ортасында Ақтөбе облысының басшылығы «Баспана» ипотекалық ұйымымен облыста таяу жылдары 800 мың шаршы метрден астам несиелік тұрғын үй салынатыны туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ облыс әкімдігі халықтың әлеуметтік осал топтарын, бюджеттік қызметкерлерді қолдау мақсатында бастапқы жарнаны 10 пайызға азайту үшін 2 млрд. теңге қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Бірінші кезеңде осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 250 млн. теңге бөлінбек.

«Шағын несие беруді көбейту» төртінші әлеуметтік бастамасы да облыста нәтижелі іске асырылуда. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев мәлімдеді.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында ағымдағы жылы Ақтөбе және Хромтау қалалары үшін шағын несие беруге 1 миллиардтан астам қаражат бөлу көзделген. Осы қаражаттың жартысы Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында бөлінбек.

Облыстың кәсіпкерлік басқармасы кемінде 64 жобаны қаржыландыруды жоспарлап отыр. Өткен, яғни 2017 жылы 545 млн. теңге қаржыны құрайтын 45 жоба қолдауға ие болды.

– Соңғы мәліметтер бойынша банктер 386,8 млн. теңгеге 37 жобаны мақұлдады, 275,26 млн. теңгеге 27 несие берілді. ЕДБ-да орналастырылған соманың жалпы игерілуі 28 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта 267,4 млн.теңгеге 20-дан астам жоба қаралды, – дейді Асқар Көкеев.

Әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған бірінші бастама тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктерін көздейді. Бұл биыл іске қосылған «7-20-25» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасында нақты көрсетілген.

– Бағдарламаның қатысушылары Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салымдары бар жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандар және екінші деңгейдегі банктердің салымшылары. Бүгінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде Ақтөбе облысы бойынша 28 287 адам, оның ішінде Ақтөбеден 21 961 адам кезекте тұр, - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нұртас Сейітов.

Айта кетейік, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын «Нұр Отан» партиясы бақылайды. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы бүгінде сәтті орындалуда.

Еламан Мақсотұлы