Фото: Іnstagram.com/abat_izimgaliuly
Ақтөбе облыстық қылмыс істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен №2 Ақтөбе қалалық сотының үкімі өзгертілді. Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша сотталып, бас бостандығынан айрылған Алматы ауданының бұрынғы әкімі Абат Көбенов түрмеден босап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
№2 Ақтөбе қалалық соты Абат Көбеновті Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырған болатын. Іс материалы бойынша ол 2020 жылы қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, танысына жер телімін беруге уәде еткен. Сол қызметі үшін одан 1 383 915 теңге ақы алған. Сот үкімімен А. Көбенов үш жылға бас бостандығынан айрылды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ете алмайтыны туралы үкім шығарылды.
«Іске қатысты аппеляциялық шағым түсті. Аппеляциялық сот отырысы кезінде прокурор А. Көбеновке қатысты үкімді өзгертіп, айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Аппеляциялық сот отырысы кезінде де Абат Көбенов айыпты деп танылды. Өз ісіне өкініп, ақшаны түгел қайтарғанын айтты. Оның үш баласы мен кәрі анасы бар. Сот алқасы осыны ескеріп, Абат Көбеновке қатысты бас бостандығынан айыру жазасын алып тастады», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Енді А. Көбенов 13 млн теңгеден астам айыппұл төлейді. Аппеляциялық қаулы заңды күшіне енді.