Ақтөбеде биыл өртеніп кеткен автобустың жүргізушілері өздеріне тағылған айыптардың ешбірімен келіспей отыр. Бұл туралы баспасөз мәжілісінде ҚР Бас прокуратурасының өкілі Азамат Дүйсембеков мәлімдеді, деп хабарлайды sn.kz.
"Жауапкершілік туралы айтар болсақ, бәрі де оқиғаның салдарына байланысты. Ал, бұл жағдайда салдары өте ауыр болғанын білесіздер. Аталған жайтқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 434 бабы бойынша іс қозғалған. Қазіргі таңда жүргізушілердің жауапкершілігі анықталып жатыр. Іс тергеліп бітті деп айтуға болады. Қазір онымен күдіктілер мен олардың қорғаушылары танысу үстінде. Күдіктілер өздеріне тағылған айыптармен келіспейтіндерін айтты", - деді Азамат Дүйсембеков.
Оның айтуынша, автобустың иесіне қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Ол қазір іздеуде екен, яғни оқиға болғаннан кейін-ақ қашып кеткен.
Еске салайық, аталған оқиға салдарынан Өзбекстанның 52 азаматы тірідей жанып кеткен болатын.